Басты жаңалықтар

Жыл ортасы: барды бағамдау және алдағы меже

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақтың дамуының жартыжылдық кезеңінің қорытындылары шығарылып, алдағы міндеттер айқындалды.

Облыс әкімі Елеусін Сағындықов депутаттар алдында жасаған есепті баяндамасында күн тәртібіндегі мәселеге орай жан-жақты талдау жасап, өңірдегі бүгінгі күні қалыптасқан ахуалды көпшілік назарына ұсынды.

— Елбасы Жарлығымен үстіміздегі жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды. Осы бағыттағы шаралардың Жалпыұлттық жоспарын жүзеге асыруға инвесторлар, бизнес-қауымдастықтар, қазақстандықтар және барша ақтөбеліктер күш біріктірді. Мерейтойға дайындық бүкілхалықтық сипат алды.

Еліміздің индустриялық саясатының стратегиялық маңызы бар алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстан бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру мақсатына жақындай түсті. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңындағы ақтөбеліктердің еңбек тартуы да ауқымды. Алғашқы жарты жылдықтың нәтижелі көрсеткіштері осындай сенімді қорытындыға әкеледі,— деп бастады сөзін баяндамашы.

 

Ілгері даму — экономика көрсеткіші

 

Жарты жыл белгілі бір жобаларды жүзеге асыру үшін қазіргідей қарқынды даму үрдісі күш алып тұрған зымыран заман ағымында жеткілікті мерзім екендігіне ешкім дау айта алмас. Осы өлшем тұрғысынан қарағанда Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қазіргі уақытта тұрақты және үдемелі негізде ілгерілеу үстінде екені айқын. Оның бір дәлелі — өткен жарты жыл ішінде өнеркәсіп өнімін өндіру 598,5 млрд.теңге құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 162,1 млрд.теңгеге артық.

Экономика өсуінің маңызды бір факторы — тұтынушылық сұраныстың артуы байқалды, бұған бөлшек тауар айналымының ұлғаюы дәлел бола алады. Ол аталған уақыт ішінде 1,3 есе артты.

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы шаралар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Есепті мерзімде 151,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл — жоспардың 105 пайызға орындалғандығын көрсетеді.

Адамдардың тұрмыс-тіршілігі деңгейінің жоғары болуы — қай кезде де алға ұсталынатын басты өлшем болса керек. Биылғы жылғы 1 мамырға есептегенде тұрғындардың жан басына шаққандағы ақшалай табысы 24,2%-ға, орташа айлық жалақы 15,4%-ға өсуі осы реттегі оң көрсеткіштердің бірі. Осы қатарда айтылуы тиіс тағы бір түйін жұмыссыздыққа қатысты. Қазіргі уақытта ресми жұмыссыздық мөлшері  4,8%-ды құрап отыр, соған қарамастан облыс аумағында бірқатар мамандықтар мен жұмыс орындары бойынша мамандар, жұмысшылар жетіспейді.

Биыл жаңадан 10,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Баяндама жасаушы үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақшы 53 жобаға арнайы мән бере тоқталды. Оның жиырма сегізі Индустриалдық даму картасы аумағында іске аспақшы. Қазіргі уақытта 10 жоба іске қосылып үлгерілді.

2011 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдау мен дамыту шаралары одан әрі жалғасуда. Бірінші жарты жылдықта ғана осы мақсаттарға 3 млрд теңге бағытталды. Соның нәтижесінде маңызды науқан — көктемгі егіс қысқа мерзімде ұйымшылдықпен атқарылды.

586,5 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілді, майлы дақылдар, көкөністер мен картоп отырғызу алаңдары ұлғайтылды.

Мал шаруашылығында да оң өзгерістер байқалуда. Ет өндіру 106,5%-ға, сүт дайындау 104,1%-ға ұлғайды. Малдың барлық түрінің басы көбейді.

Ет өндірудің экспорттық әлеуетін молайту бағытында биыл фермерлік шаруашылықтарда ірі қара санын 2300-ге көбейту көзделуде.

Облыс көлемінде биылғы жылы қолға алынған ауқымды шаруалар қатарында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялау бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстарын айтуға болады.

Бірінші бағдарлама бойынша Ақтөбе қаласында 1,3 млрд. теңгеден астам қаржыға жылумен жабдықтау және сумен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысын жүргізу және қайта құрылымдау жұмыстары басталды.

Екінші бағыт бойынша 1 млрд. теңге қарастырылды, оған Ақтөбе қаласындағы 100 шамасындағы көп қабатты тұрғын үйлерге жөндеу жүргізіледі. Үй төбелері мен инженерлік желілерді (үй асты бөлігі), кіре берістерді жөндеу қамтамасыз етіледі.

Үшінші бағыт бойынша ағымдағы жылы облысымызда 13 көп пәтерлі тұрғын үйді термомодернизациялау бойынша ұшқыр жоба жүзеге асырылады.

Сонымен бірге, баяндамашы кедендік одақтың іске асуымен байланысты өзгерістерге де тоқтала кетті. Өткен бес ай ішінде облыстың сыртқы сауда көлемі 3605,0 млн. АҚШ долларын құрады, бұл 122 пайыздық өсімді бейнелейді. Ресей Федерациясымен тауар айналымы 1,4 есеге өсті.

Шағын және орта бизнес көрсеткіштері де бұрынғымен салыстырғанда көтерліп келеді. Биылғы жарты жылдықта негізгі қорға  146,6 млрд. теңге инвестиция тартылғандығы, облыс басшысы атап өткендей, жақсы деңгей.

Есепті мерзім ішінде әлеуметтік салаларды дамытуға да айрықша көңіл бөлінуде. Биыл денсаулық сақтау объектілерін дамытуға  4,6 млрд. теңге бөлінді.  Медициналық көмек халықаралық стандарттар бойынша көрсетілетін, ең соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 200 орындық балалар клиникалық ауруханасы пайдалануға берілді.

Аудандардағы селолық елді мекендерде 14 медициналық пункттер құрылысы жүргізілуде, Қарғалы селосында 80 орындық босану бөлімшесі, сондай-ақ облыстық көп салалы 300 орындық аурухана құрылысы жүргізілуде. Ақтөбе қаласында ауысымына 500 адам қабылдайтын жаңа емхана құрылысы қолға алынды. Аудандардың елді мекендеріндегі тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін жылжымалы мобильді медициналық кешен өз жұмысын бастап та кетті.

Білім беру саласында бюджеттік инвестициялар есебінен 3,0 млрд. теңгеден астам сомаға 24 объектінің  құрылысы жүргізілуде.

Елді мекендерді газ желісіне қосу ісінде де жүйелілік орнады. Осы мақсатта 6,8 млрд. теңге бөлінді.

25 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда. Оның ішінде ағымдағы жылы аудандардың орталықтары —  Қобда, Қарауылкелді селоларына газ құбырларының желісін жеткізу құрылыстары аяқталмақшы.

Автожолдарды ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жалғастырылуда, оған 10 млрд. теңге шамасындағы қаржы бөлінді.

Облыс әкімі салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да төлемдердің түсу барысына назар аударды. Алты ай қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 229,9 млрд. теңге құрап отыр, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40,8 млрд теңгеге артық.

Республика Президенті Әкімшілігі облыстардың экономикалық әлеуетінің он жыл ішінде қалыптасқан дамуының  2010 жылдағы қорытындысы бойынша рейтинг нәтижелерін шығарды. Осындағы басты өлшемдер бойынша Ақтөбе облысы — алдыңғы қатарда. Бұл туралы газетіміздің алдыңғы санында бергенбіз.

— Бұл көрсеткіштер аймақтың жалпы экономикалық өркендеуінің оның өнеркәсіптік даму деңгейімен тікелей байланысын дәлелдей түседі,— деп атап көрсетті Елеусін Наурызбайұлы,— біздің жетістіктеріміз «Аймақтардың дамуы — елдің дамуы» қанатты ұранын өмірге енгізіп отырған Ақтөбе аймағының барлық тұрғындарының адал еңбектерінің заңды нәтижесі болып табылады.

Биылғы жылғы наурыз айында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ақтөбеде «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты республикалық марафон-эстафетаның салтанатты ашылуы өткізілгені белгілі. 25 сәуірден 10 қыркүйекке дейін белгіленген акция «Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығына — 20 екпінді еңбек аптасы» девизімен өтуде. Оған белгіленген уақыт ішінде 92 131 жас қатысады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта көптеген көшелер, ауыл маңдары, өзен жағалаулары, тағы да басқа көпшілік орындар жаңарып-жасара түсуде. Биыл бір миллионнан астам жас көшеттер отырғызылады. Облысымызда бірінші рет «Атамекен» әлеуметтік көмек отрядтары мен педагогикалық отрядтар жұмыс істеуде.

Алдағы жарты жылдықта атқарылар істер ауқымы да айрықша. Негізгі мақсаттар аясында экономика өсуінің белгіленген қарқынын қамтамасыз ету маңызды шаралардың бірі болып табылады. Осы орайда өнеркәсіп өндірісі көлемін 1 трлн 200 млрд теңгеге жеткізу мүмкіндігі қарастырылуда.

Ішкі рыноктағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, бірінші кезекте әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларын назарда ұстау маңызды деп саналады. «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын іске тартумен көкөніс өнімдерінің молшылығын жасау да күн тәртібінде тұр.

— Биыл мол өнім аламыз ба деген үмітіміз бар,— деді сөзінің тұжырымында облыс әкімі,— сондықтан да маңызды науқанға қапысыз дайындалуымыз қажет. Бұл ретте егіс алқаптарында да, шабындықтарда да ілкімділік қажет.

Баяндамашы алғашқы жарты жылдықта басталған көптеген жақсы істер жыл соңына дейін жалғасын тауып, өз деңгейінде қорытындылануы керектігін атап көрсетті.

Сессияда Ақтөбе облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Саламат Аманбаев, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Қуантқан Әлімов қосымша баяндамалар жасады.

Жарыссөзге шыққан депутаттар облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есебін мақұлдап, оған қанағаттанарлық деген баға берді.

… Сессияда сондай-ақ Темір ауданында болған оқиғаға байланысты әңгіме қозғалды. Бұл туралы газеттің  3-бетінен оқи аласыздар.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button